✍️Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы ????Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндег

Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды

Аталған құжат орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде жасанды интеллект технологияларын енгізуді айқындайды. Сонымен қатар ол адами капиталды дамытуда жасанды интеллект негізінде заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз етеді. Аталған жоспар мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамытуды, оқушылардың нақты қажеттілігіне бейімделген оқыту тетіктерін енгізуді, педагог кадрларды даярлау мен білім алушылардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді көздейді.

Жарлықта шағын жинақты ауыл мектептерін қолдауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында мектептерді заманауи техникалық құралдармен және сапалы цифрлық білім беру ресурсымен қамтамасыз ету қарастырылған. Бастапқы кезеңде пилоттық жоба аясында тиімді шешімдерді кезең-кезеңімен енгізе отырып, еліміздегі 2600-ден астам шағын жинақты мектептің шамамен 500-ін қамту жоспарланды.

Жасанды интеллект технологияларын қолдану педагогті алмастыруды көздемейді, өз кезегінде педагогтің кәсіби рөлін күшейтуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және оқушылармен жеке жұмысты кеңейтуге бағытталған қосымша құрал ретінде қарастырылады.

Жарлықты іске асыру адами капиталды дамытуға және цифрлық экономика талаптарына сай жаңа буынды даярлауға бағытталған заманауи әрі бәсекеге қабілетті орта білім беру жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді