2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы мынадай мәлімдемелермен және ескертпемен ратификациялансын:
1) Конвенцияның 44-бабы 6-тармағының а) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияны адам ұстап беру мәселелерінде Конвенцияға басқа қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастық үшін құқықтық негіз ретінде пайдаланады;
2) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, Конвенцияның 46-бабының 14-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасына жіберілетін құқықтық көмек туралы өтініштер және оған қоса берілетін материалдардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармалары да болуға тиіс;
3) Конвенцияның 66-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін Конвенцияның 66-бабы 2-тармағының ережелеріне байланысты деп есептемейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ
КОНВЕНЦИЯСЫ
(2003 ж.)
(2008 жылғы 17 шілдеде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Кіріспе
Осы конвенцияға қатысушы - мемлекеттер ,
демократиялық институттар мен құндылықтарды, әдептік құндылықтар мен әділеттілікті бұзатын және тұрақты даму мен құқық тәртібіне нұқсан келтіретін, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне сыбайлас жемқорлық туғызатын проблемалар мен елеулі қауіп-қатерге алаңдаушылық білдіре отырып ,
сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен қылмысын басқа да түрлері, атап айтқанда, ақша қаражаттарының жылыстатылуын қоса алғанда, ұйымдасқан қылмыс пен экономикалық қылмыс арасындағы байланыстарға алаңдатушылық білдіре отырып ,
мемлекет ресурстарының елеулі үлесін құрауы және осы мемлекеттердің саяси тұрақтылығы мен тұрақты дамуына қатер төндіруі мүмкін активтердің көп көлемімен байланысты сыбайлас жемқорлықтың жағдайларына алаңдаушылық білдіре отырып ,
ендігі жерде сыбайлас жемқорлық жергілікті проблема болудан қалып, ұлт шегінен тысқары құбылысқа айналғанына, оның қоғамды және барлық елдердің экономикасын қамтып отырғанына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы тек қана халықаралық ынтымақтастықтың және оған қарсы күрестің зор маңызына байланысты екеніне көз жеткізе отырып ,
сонымен қатар кең көлемді және көп тәртіпті көзқарас сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу үшін қажет екеніне көз жеткізе отырып ,
одан әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу саласында техникалық көмекке ие болу, оның ішінде әлеуетті күшейту мен институттар құру мемлекеттер мүмкіндіктерін ұлғайтуда маңызды рөл атқаратынына көз жеткізе отырып ,
жеке өзінің әл-ауқатына заңсыз жолмен ие болу демократиялық институттарға, ұлт экономикасы мен құқық тәртібіне елеулі нұқсан келтіретініне көз жеткізе отырып ,
заңсыз жолмен ие болған активтердің халықаралық аударымының неғұрлым тиімді түрде алдын алуға, оларды анықтау мен жолын кесуге және активтерді қайтару жөнінде шаралар қолдануда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға батыл бағыт ұстай отырып ,
мүліктік құқықтарды анықтау үшін қылмыстық іс жүргізу барысында тиісті заң қолданудың негізгі принциптерін растай отырып ,
сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жою - бұл барлық мемлекеттердің міндеті және осы саладағы өздерінің күш-жігері тиімділігін қамтамасыз ету үшін олар жекелеген адамдар мен азаматтық қоғам, мемлекеттік емес ұйымдар мен қауымдастықтар негізінде қызмет атқаратын ұйымдар сияқты топтардың жария сектордың шектерінен тыс қолдау көрсету жағдайында бір-бірімен ынтымақтасуға тиіс екенін ескере отырып ,
сондай-ақ көпшілік істері мен көпшілік мүлкін басқаруға заң алдындағы әділеттілік, жауапкершілік пен теңдік адалдық пен пара алмаушылықты қамтамасыз ету, сонымен бірге сыбайлас жемқорлықты қабылдамайтын мәдениетті қалыптастыруға жәрдемдесу принциптерін ескере отырып ,
Қылмыстың алдын алу мен қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссияның және Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының жұмысын жоғары бағалай отырып,
осы саладағы халықаралық және аймақтық ұйымдардың жұмысына, Африка одағының, Еуропалық одақтың, Араб мемлекеттері Лигасының, Америка мемлекеттері ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының, Еуропа Кеңесі мен (сондай-ақ Дүниежүзілік кеден ұйымы ретінде белгілі) Кеден ынтымақтастығы жөніндегі кеңестің қызметіне сілтеме жасай отырып ,
сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі көпжақты құжаттарды, атап айтқанда, 1996 жылғы 29 наурызда Америка мемлекеттері ұйымы қабылдаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Америкааралық конвенциясы, Еуропа қауымдастығының лауазымды адамдарын немесе 1997 жылғы 26 мамырда Еуропа Кеңесі қабылдаған Еуропа одағына мүше мемлекеттер лауазымды адамдарын қамтитын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы конвенцияны, 1997 жылғы 21 қарашада Экономикалық ынтымақтастық пен дамыту Ұйымы қабылдаған Халықаралық коммерциялық мәмілелердегі лауазымды адамды да параға сатып алуға қарсы күрес конвенциясын, 1999 жылғы 27 қаңтарда Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті қабылдаған Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияны, 1999 жылғы 4 қарашадағы Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті қабылдаған Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы конвенцияны және 2003 жылғы 12 шілдеде Африка одағы мемлекеттері мен үкіметтері басшылары қабылдаған Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы Африка одағының Конвенциясын қоса алғанда, сенім білдірумен назарға ала отырып ,
2003 жылғы 29 қыркүйекте күшіне енген Біріккен Ұлттар Ұйымының Ұлттық шекарадан тыс ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияның күшіне енуімен құттықтай отырып , төмендегі баяндалғандар туралы келісті:
I тарау
Жалпы ережелер 1-бап
Мақсаттары
Мыналар:
а) неғұрлым тиімді және пәрменді түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы күреске бағытталған шараларды қабылдау мен нығайтуға жәрдемдесу;
b) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда және оған қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру, жеңілдету мен қолдау және техникалық көмек көрсету, оның ішінде активтерді қайтару жөнінде шаралар қабылдау;
с) адалдық пен параға сатылмаушылықты, жауапкершілікті, сондай-ақ көпшілік істер мен көпшілік мүлікті тиісті басқаруды көтермелеу осы Конвенцияның мақсаттары болып табылады.
2-бап
Терминдер
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
а) "жария лауазымды тұлға" дегеніміз:
і) Қатысушы мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік немесе сот органында тұрақты немесе уақытша негізде еңбекке ақылы немесе ақысыз, осы тұлғаның лауазым дәрежесіне қарамастан, қандай да бір қызмет атқаратын кез келген тағайындалатын немесе сайланатын тұлғаны білдіреді;
іі) қандай да бір көпшілікке арналған міндетті орындайтын, мұның өзі Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасында анықталатындай және осы Қатысушы мемлекеттің құқықтық істі реттеу саласында қолданатындай, оның ішінде көпшілікке арналған ведомство немесе көпшілікке арналған кәсіпорында, немесе қандай да бір көпшілікке арналған қызмет атқаратын кез келген басқа тұлғаны;
ііі) Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасында "жария лауазымды тұлға" ретінде анықталатын кез келген басқа тұлғаны білдіреді. Соған қарамастан осы Конвенцияның II тарауында көзделген кейбір нақты шараларды қабылдау мақсаттары үшін "лауазымды адам" дегеніміз Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасында анықталатындай және осы Қатысушы мемлекеттің құқықтық тиісті реттеу саласында қолданатындай қандай да бір жария міндетті орындайтын немесе қандай да бір көпшілікке арналған қызметті беретін кез келген басқа тұлғаны;
b) шетелдік жария "лауазымды тұлға" дегеніміз шет мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік немесе сот органында қызмет атқаратын кез келген тағайындалатын немесе сайланатын тұлғаны, шет мемлекет үшін қандай да бір көпшілікке арналған міндетті, оның ішінде қандай да бір көпшілікке арналған ведомство немесе көпшілікке арналған кәсіпорында қандай да бір жария міндетті орындайтын кез келген басқа тұлғаны білдіреді;
с) "бұқаралық халықаралық ұйымдардың лауазымды тұлғалары" дегеніміз халықаралық азаматтық қызметшіні немесе осындай ұйым өз атынан әрекет етуге уәкілдік еткен кез келген тұлғаны білдіреді;
d) "мүлік" дегеніміз заттай немесе құқықтай түріндегі материалдық немесе материалдық емес, жылжымалы немесе жылжымайтын кез келген активтерді, сондай-ақ осындай активтерге немесе олардағы мүдделерге меншік құқығын растайтын заңдық құжаттарды немесе актілерді білдіреді;
е) "қылмыстан түсетін табыстар" дегеніміз қандай бір қылмыс жасау нәтижесінде тікелей немесе жанама сатып алынған немесе алынған кез келген мүлікті білдіреді;
f) "операцияларды тоқтата тұру (тұмшалау)" немесе "тыйым салу" дегеніміз мүлікті беруге, қайта құруға, иеліктен алуға немесе оның орнын ауыстыруға уақытша тыйым салу, немесе осындай мүлікке уақытша ие болуды, немесе соттың немесе басқа да құзыретті органның қаулысы бойынша оған уақытша бақылауды жүзеге асыруды білдіреді;
g) "тәркілеу" дегеніміз соттың немесе басқа да құзыретті органның қаулысы бойынша мүліктен түбегейлі айыруды білдіреді;
h) "негізгі құқық бұзушылық" дегеніміз кез келген құқық бұзушылықты білдіреді, оның нәтижесінде табыстар алынады, бұл табыстарға қатысты осы Конвенцияның 23-бабында көрсетілген қылмыс құрамын құрайтын әрекеттер жасалуы мүмкін;
і) "бақылау жеткізілімі" дегеніміз әдісті білдіреді, бұл ретте қандай да бір қылмысты тергеу және осы қылмысты жасауға қатысқан адамдарды анықтау мақсаттарында бір немесе бірнеше мемлекеттің аумағынан олардың құзыретті органдарының еркімен және қадағалауымен заңсыз немесе күдік туғызатын жүктің топтарын әкетуге, тасымалдауға немесе әкелуге жол беріледі.
3-бап
Қолданылу саласы
1. Осы Конвенция оның ережелеріне сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оны тексеріп тергеуге және қылмыстық ізге түсу мен операцияларды тоқтата тұруға (тұмшалауға), тыйым салуға, тәркілеуге және осы Конвенцияға сәйкес осындай қылмыс ретінде танылған қылмыстардан алынатын табыстарды қайтаруға қолданылады.
2. Егер онда өзгеше көзделмейтін болса, осы Конвенцияны жүзеге асыру мақсаттары үшін онда көрсетілген қылмыстар нәтижесінде зиян немесе мемлекеттік мүлікке залал келтіруі міндетті емес.
4-бап
Егемендікті қорғау
1. Қатысушы мемлекеттер мемлекеттің егеменді теңдігі мен аумақтық тұтастығы принциптеріне және басқа мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұқпаушылық принципіне сәйкес осы Конвенцияға орай өздерінің міндеттемелерін жүзеге асырады.
2. Осы Конвенцияда өзінің ішкі заңнамасына сәйкес Қатысушы мемлекетке басқа мемлекеттің аумағында осы басқа мемлекет органдарының ғана құзыретіне жататын заңдық іс жүргізу билігі мен функциясын жүзеге асыруға құқық бере алмайды.
II тарау
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шаралар 5-бап
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған
қарсы іс-әрекеттің саясаты мен практикасы
1. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес қоғамның қатысуына жәрдемдесетін және құқық тәртібі принциптерін, көпшілікке арналған істер мен көпшілікке арналған мүлікті басқаруды, адалдықты және параға сатып алмаушылықты, ашықтық пен жауапкершілікті бейнелейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің тиімді және үйлесімді саясатын жасайды және жүзеге асырады немесе жүргізеді.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған тәжірибенің тиімді түрлерін орнықтыруға және көтермелеуге ұмтылады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы күрес тұрғысында олардың барабарлығын анықтау мақсатында тиісті құқықтық құжаттар мен әкімшілік шараларды бағалауды кезеңді жүргізуге ұмтылады.
4. Қатысушы мемлекеттер тиісті жағдайларда және өздерінің құқықтық жүйелерінің негізгі принциптеріне сәйкес бір-бірімен және тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдармен осы бапта көрсетілген шараларды жасауда және оларды жүзеге асыруға жәрдемдесуде өзара іс-қимыл жасайды. Бұл өзара іс-қимылға сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысуды қамтуы мүмкін.
6-бап
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы
іс-қимыл жөніндегі орган немесе органдар
1. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес мынадай шаралардың көмегімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды жүзеге асыратын органының, немесе тиісті жағдайларда органдарының болуын қамтамасыз етеді, ол:
а) осы Конвенцияның 5-бабында айтылған саясатты жүргізу, тиісті жағдайларда осы саясатты жүргізуді қадағалау мен үйлестіру;
b) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша білімдерін кеңейту мен тарату шаралары.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет осы баптың 1-тармағында айтылған органға немесе органдарға осындай орган немесе органдардың өздерінің міндеттерін және кез келген тиісті ықпалдан еркін жағдайларда тиімді орындау үшін өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес қажетті дербестікті қамтамасыз етеді. Қажетті материалдық ресурстар мен маманданған қызметкерлер құрамын, сондай-ақ қызметкерлер құрамын даярлауды қамтамасыз еткені жөн, ондай даярлау оған жүктелетін міндеттерді орындау үшін қажет болуы мүмкін.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына басқа Қатысушы мемлекеттерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі нақты шаралар жасау және жүзеге асыруда көмектесетін органның немесе органдардың атауын және мекен-жайын хабарлайды.
7-бап
Жариялы сектор
1. Әрбір Қатысушы мемлекет тиісті жағдайларда және өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес азаматтық қызметшілердің және тиісті жағдайларда сайланып қойылмайтын жария лауазымды адамдарды жұмысқа қабылдау, іріктеу, қызмет өткеруі, қызметі жағынан өсуі және өз еркімен орнынан түсу сияқты жүйені құруға, қолдауға және нығайтуға ұмтылады, олар мыналар:
а) тиімділік пен ашықтық принциптеріне және мінсіз жұмыс, әділеттілік пен қабілеттілік сияқты объективті өлшемдерге негізделеді;
b) бұған сыбайлас жемқорлық тұрғысынан алғанда ерекше осал саналатын көпшілікке арналған лауазымды атқару үшін кадрларды іріктеу мен даярлаудың тиісінше рәсімдері және тиісті жағдайларда, осындай лауазымдардағы осындай кадрлардың алмасылуы жатады;
с) Қатысушы мемлекеттің экономикалық жағынан даму деңгейін ескере отырып тиісінше сыйақылар төлеуге және әділетті айлық ақылар белгілеуге жәрдемдеседі;
d) ондай адамдардың көпшілікке арналған міндеттерді дұрыс, адал және тиісті орындау талаптарын қанағаттандыра алатын білім беру мен оқу бағдарламаларын жүзеге асыруға жәрдемдеседі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа ұшырасатын қауіп-қатерлерді ұғынуын тереңдету үшін оларға мамандандырылған және тиісті даярлықты қамтамасыз етеді. Мұндай бағдарламаларда кодекстерге сілтемелер немесе қолданылатын салаларында мінез-құлық стандарттары қамтылуы мүмкін.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет, сонымен бірге осы Конвенцияның мақсаттарына орай және өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес кандидаттарға және жария лауазымдарға сайлауға қатысты өлшемдерді белгілеу үшін тиісті заң шығару және әкімшілік шараларын қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет, сонымен қатар осы Конвенцияның мақсаттарына орай және өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес оны қолданатын жерлерде көпшілікке арналған лауазымдарға кандидатураларды қаржыландырудың, саяси партияларды, қаржыландыру ашықтығын күшейту үшін тиісті заң шығару және әкімшілік шараларын қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес ашықтыққа жәрдемдесетін және мүдделер қарама-қайшылығы туындауының алдын алатын жүйелерді құруға, қолдауға және нығайтуға ұмтылады.
8-бап
Жария лауазымды тұлғалардың мінез-құлық кодексі
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсаттарында әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес басқаларымен қатар өздерінің жария лауазымды тұлғаларының параға сатылмаушылығын, адалдығы пен жауапкершілігін көтермелейді.
2. Атап айтқанда, әрбір Қатысушы мемлекет өздерінің институциялық және құқықтық жүйелері ауқымында жария міндеттерін дұрыс, адал және тиісінше орындауы үшін мінез-құлық кодекстерін немесе стандарттарын қолдануға ұмтылады.
3. Осы баптың ережелерін жүзеге асыру мақсаттары үшін әрбір Қатысушы мемлекет тиісті жағдайларда және өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес аймақаралық және көп жақты ұйымдардың, мысалы 1996 жылғы 12 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның 51/59 қарарының қосымшасында мазмұндалған мемлекеттік лауазымды адамдардың мінез-құлық кодексін назарға алады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет, сонымен қатар өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес жария лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін атқару кезінде ол жөнінде белгілі болған сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы тиісті органдарға хабарлауы үшін жәрдемдесетін шаралар мен жүйелерді анықтау мүмкіндігін қарастырады.
5. Әрбір Қатысушы мемлекет тиісті жағдайларда және өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес жария лауазымды тұлғалар тиісті органдарға декларациялар, басқаларымен қатар қызметінен тыс әрекеті, айналысатын жұмысы, инвестициялар, активтер туралы және жария лауазымды тұлғалар ретінде олардың міндеттеріне қатысты мүдделерінің қарама-қайшылығы туындауы мүмкін елеулі сыйлықтар немесе пайдалары туралы декларацияларды тиісті органдарға беруге міндеттеуге ұмтылады.
6. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес осы бапқа орай белгіленген кодекстерді немесе стандарттарды бұзатын жария лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік немесе басқа да шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырады.