Әз-Наурыз мерекесіне арналған мектепалды даярлық сыныптарының мерекелік кеші ерекше сән-салтанатымен өтті. Көктемнің шуағын ала келген бұл күн балалардың шат күлкісі мен ұлттық дәстүрге деген құрметке толы болды.
Әсем киінген қыздар нәзіктік пен ибалылықтың символындай болып, мың бұрала билеген Қамажай биімен көрерменнің жүрегін жаулады. Әр қимылдарынан қазақ қызына тән әдеп пен сұлулық айқын сезілді. Ал ұлдар болса, батыр бабалардың ерлігін бейнелеп, қайсарлық пен күш-жігерді танытқан батырлар биін орындап, ел қорғаған ерлердің рухын сахна төріне алып шықты.
Ұлттық ойындар да өз жалғасын тапты. Балалар арқан тартыс ойынында ұйымшылдық пен бірлікті көрсетсе, қол күресте күш сынасып, қайсарлықтарын байқатты. Ал асық ату ойыны арқылы ептілік пен дәлдіктің үлгісін көрсетті. Бұл ойындар арқылы бүлдіршіндер ата-баба дәстүрін бойларына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеді.
Мерекенің шарықтау шегінде балалар “Дастархан” әнін хормен әуелете шырқап, қазақтың кең пейілі мен қонақжайлығын паш етті. Ән әуенімен бірге мерекелік көңіл-күй де асқақтап, барша көрерменнің жүрегіне жылулық сыйлады.
Әз-Наурыз – береке мен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың бастауы. Осындай тағылымы мол мерекелік кеш арқылы жас ұрпақ ұлттық рухты сезініп, салт-дәстүрдің қадірін терең түсіне түсті.