6 наурыз 7А сыныбының оқушылары Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай “Ана - жанымның шуағы” атты мерекелік концерт ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты аналарға, ұстаздарға және тұтас әйел қауымына құрмет көрсету, олардың қоғамдағы рөлін дәріптеу және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту болатын.
Кеш барысында оқушылар аналары мен әжелеріне арнап М. Мақатаевтың поэзиясынан алынған өлең жолдарын оқып, әуезді ән айтып, киелі домбырамен күй тартты. “Анамды түсінген күн” атты театрландырылған көріністен кейін көздеріне жас алған аналар одан кейін ұйымдастырылған әзіл-қалжыңды ойынды ойнап, қайта шаттанды. Заманауи би ұсынған сыныптың мың бұралған биші қыздары икемді қимылдарымен сахнаның сәнін кіргізіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Кеш барысында қонақтар “Анаммен таныс болыңыз” және “Менің анам да бала болған” атты бейнероликтерді тамашалады. Іс-шара соңында оқушылар аналарына арналған ықылас гүлдерін ұсынып, жылы лебіздерін білдірді. Көрермендер өз кезегінде сынып жетекшіге және барлық оқушыларға жоғары деңгейде ұйымдастырылған көркем кеш үшін алғыс білдіріп, өнерпаздардың өнері өрге жүзсін деп тіледі.

