"Педагог" кәсіптік стандартын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2022 жылғы 15 желтоқсандағы № 500 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 19 желтоқсанда № 31149 болып тіркелді
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 117-бабының 2-1)-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Педагог" кәсіптік стандарты бекітілсін.
2. "Техникалық және кәсіптік білімнің педагогикалық мамандықтары бойынша кәсіби стандарттары бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2013 жылғы 13 қыркүйектегі № 373 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8819 болып тіркелген).
3. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік жасайтын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министірінің м.а. |
Ш. Каринова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі