Кәсіптік оқыту жүйесіндегі негізгі аспектілер мен заманауи тәсілдер
Бүгінде елімізде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 565 мың студент білім алуда, оның 177 мыңы биыл оқуға түсті.
Дуальды оқытумен 91 мың оқушы қамтылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі колледждердегі мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемі 143 мың орынға өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90 пайызды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік тапсырыстардың 65 пайызы техникалық мамандықтарға, соның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және машина жасау салаларына бағытталған. Қазақстандағы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 79 пайызды құрайды.
Колледждерде кадрлар даярлау облыс экономикасын ескере отырып жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 195 колледжді профильдеу және біріктіру жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, 160 стартап-жоба іске қосылып, 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Кәсіби стандарттардың, Мемлекеттік білім беру стандарттарының және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Оқытудың тиімді озық әдістері мен тәсілдерін тарату мақсатында локомотив колледждері белгіленіп, заманауи колледждер базасында 3 IT орталық құрылды.
Колледж студенттерін қолдау мақсатында шәкіртақы төлемдері екі есеге ұлғайтылды: 2023 жылы – 50%, 2024 жылы – 50%, 300 мыңнан астам студент қамтылды. Мұқтаж студенттердің 87 пайыздан астамы жатақханадан орынмен қамтамасыз етілген. Биыл 1,2 мың орындық 4 жатақхана пайдалануға берілді.